«Ұлтыңды ойласаң – рухты ұл тәрбиеле» тақырыбындағы мектепішілік семинардың өту бағдарламасы
Өтетін күні: 14 ақпан, 2018 жыл
Өтетін орны: Алмалы орта мектебі
Өтетін уақыты: сағат 16.00
Кеш қонақтары:
- Алмалы ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы – Самиғолла ағай;
- Алмалы орта мектебі ардагер-ұстаздары - Қуандық ағай, Сатыбай ағай, Амантай ағай;
- Алмалы орта мектебі бойынша әкелер қоғамдық кеңесінің мүшелері ( 18 адам)
Мақсаты:
- Қазақ елінің рухани жаңғыру жолында ұл балаларға тәрбие берудің жүйесін айқындай отырып, белсенді шығармашылық іс-әрекеттерге дайын, ұлттық және әлемдік білім нәрімен сусындаған, жоғары деңгейдегі мәдениетті және адамгершілігі мол, өзінен кейінгі ұрпақ алдындағы жауапкершілігін түсінетін, ұлтының болашағы үшін күресе алатын ұл бала тұлғасын қалыптастыру.
Міндеттері:
- Ұл балаға тәрбие берудің құрылымы мен мазмұнының ұлттық салт-дәстүрлермен ерекшеленетін ұсынымдар енгізу;
- Тәрбие беруді ұйымдастырудың мазмұны мен әдістерін, тиімді формасын қолдану;
- Тәрбие берудің жүзеге асырылуынан күтілетін нәтижелерге қол жеткізу.
Семинардың жүру барысы:
- Семинардың ашылуы
- «Ата тәрбиесі – өнеге кілті» көрініс
- «Әке - бала» әні, орындайтындар: Сахиев Айболат, Далабай Әлинұр
- «Әке көрген оқ жонар» пікірталас алаңы – Шошахова К.Б.
- «Жақсы мінез – жанға жайлы» тренинг сәті – Адилгалиева Р.Б.
- «Ұлтыңды ойлаймын десең, рухты ұл тәрбиеле!» коучинг - ойталқы сағаты – Адилгалиева Р.Б.
- «Менің әкем-ең жақсы адам» әні, орындайтын – Тұрағалов Әділ
Жүргізуші:
Нағыз жігіт – қорған болар халқына,
Нағыз жігіт – берік болар антына,
Нағыз жігіт – жалғастырып дәстүрді.
Адал болар ата – баба салтына!
- демекші әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады. Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуына, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген. Ұл бала – қазақта қара шаңырақ иесі, ер-азамат – ата-ананың отын тұтатушы болып саналады. Ендеше, ұлтымыздың ертеңінің жауапкершілігін арқалаған ұлдарымыздың тәрбиесін тілге тиек етер бүгінгі семинарымызды ашық деп жариялаймыз.
Көрініс: Сахнада атасы газет оқып отырады, баласы ұялы телефон шұқып отырады, немересі әкесіне келіп сөйлейді
Немересі: - Әкешім, мынау асықтарды тауып алдым, асық ойнауды қалай ойнайтынын үйретіңізші.
Әкесі: - Балам, тасташы әрмен, ескінің көзі нәрселерді жинай бермей, қоқыстан арылатын күн бар ма осы, асық ойнағаны несі, лақтыршы мына асықтарды, одан да ұялы телефоныңды қарасайшы!
Ұлы ренжіп, мұңайып кетіп бара жатады, сол кезде атасы немересін шақырады.
Атасы: - Құлыным, бері келші, мен-ақ үйретейін (баласына ренжіп қарайды), сен немене ескінің көзі деп, онда мына шешең екеумізді де лақтырып тастарсың, саған осындай тәрбие беріп пе едік, асық қазақтың маңдайына біткен ұлттық ойыны, ұлтыңды ойламасаң , ұлттық дәстүріңді қадірлемесең, онда ұлыңның ертеңі, ұрпағыңның болашағы не болмақшы, біз сендерге сеніп отырған жоқпыз ба, ұлттың болашағы жарқын деп, ал сенің ісің тіпті ойлантарлық.
Әкесі: - Әке, кешіріңізші, менен бір білместік кетті, сіз кешіреңіз, бәріміз бірге асық ойнап, бала күнді еске алайық! (Соңы)
«Әке - бала» әні, орындайтындар: Сахиев Айболат, Далабай Әлинұр
Жүргізуші: - Әке-білек, саусағы-балалары,
Қан тамырмен жалғасқан аралары.
Ана-тамыр бойымен бәріне де,
Тіршіліктің жылуы таралады.
демекші, бүгінгі семинарымыздың күн тәртібі бойынша «Әке көрген оқ жонар» тақырыбындағы пікірталас алаңына шақырамыз, сөз кезегі – Камшатта.
Камшат: - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деген болатын. «Ана – сая болар бағың болса, Әке - асқар тауың» дейді халқымыз, ендеше, пікірталас алаңында әке туралы ой қозғамақшымыз. Әр шаңырақта әкенің орны ерекше. Әке шаңырақтың тірегі. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез – құлқы, өзгелермен қарым – қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Отбасының пейіл – береке, ынтымағы үшін отағасының әділ, ұстамды болуы орасан маңызға ие. Оның тәрбиелік рөлі де зор. «Әке – асқар тау», «Әке – балаға сыншы» дейді халқымыз.Бүгінгі семинарға ауылымыздың мақтан тұтар азаматтары, ардагер ұстаздарымызды шақырған болатынбыз. Таныстырып өтейін.(Таныстырады) Сөз кезегі өздеріңізде, жаңағы көрініс туралы ой қорытсақ. (пікірлер тыңдалады)
Камшат: - Қазақ халқының менің ұлым деп көкірек қағып, мақтаныш тұтар ұлының қандай болу керектігі халықтың талғамына сай бейнеленеді: а) кескін-келбеті: «Еңсегей бойлы, өткір көзді, қара қасты, кең маңдайлы, қыр мұрынды, кең маңдайлы, кең иықты, жуан білекті, темірдей саусақты». ә) қадір-қасиеті: «Қырандай алғыр, сұңқардай ұшқыр ойлы, арыстандай айбарлы, жолбарыстай жаужүректі, қасқырдай өжет, сауысқандай сақ». б) қабілет-икемі: «Көсем жігіт» – аузы дуалы, топта сөз бастай алатын шешендігімен ерекшеленетін ел басқаратын жігіт, «Батыр жігіт» – еліне қамқор, жауына қатал жігіт, «Сері жігіт» – аттың жүйрігін мініп, иттің алғырын ертіп, қыранның қырағысын баптап, ат құлағына ойнап, ер қаруы – бес қаруды сайлап, мың құбылтып ән салып, күмбірлете күй тартатын өнерлі жігіт, «Жомарт жігіт» – дастарқаны берекелі, пейілі кең, өзі жайдары, «Палуан жігіт» – мойыны жуан, жауырыны қақпақтай, бұлшық еті темірдей, қимылы шапшаң, иненің көзінен өтердей епті, күш иесі. Аталар сіздердің пікірлеріңіз осы оймен үндесе ме, қазіргі қазақ ұлдарының кескін-келбеті сай ма, сай болмаса, не себепті сай емес, оған кім немесе не кінәлі, оны түзету жолдары қандай?
(Пікірлер тыңдалады)
Камшат: «Ұлтыңды сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле» деп аталар сөзіне көрсетілгендей қазақ ұлтының болашағының кілтін ұстар ұлдарымыздың бойына аталған қадір-қасиеттерді дарыту жолында кемеңгер тәрбие көздерін орынды қолдана білсек, зерделі де зейінді, өнерлі де талантты, жігерлі де қайратты, адал да парасатты, елі үшін туып, ертеңін ойлайтын, халқы сүйіп, қадірлейтін ер жігіттің келешегі жарқын, жолы ашық болатыны сөзсіз деп пікірталас алаңындағы ойды қорытамыз.
Жүргізуші:
Айналайын жан әке, жасыл бағым!
Арқа сүйеп еркелейтін асқар тауым!
Ерекше қайталанбас даралығың
Өміріме жол сілтейді даналығың!
Жан әке, Сіз жүргенде көзіңді сап,
Өсеміз бәйтеректей өзің құсап.
Ортада Сіздер барда дара шыңдай,
Бізге ашық кең пейілді сезім құшақ.
Жан әке, үйреткен Сіз ерлікті де,
Ұғындық Сізге қарап елдікті де.
Жүреміз жалғызсырап дәстүріңді,
Дарытып дархандықты, кеңдікті де.
Келесі кезекте семинарымыздың қонақтары - әкелерімізді ортаға шақырамыз.(Әкелер шығады)
«Жақсы мінез – жанға жайлы» тренинг сәтіне кезек береміз. Ортаға шыққан әкелер мына сұрақтарды таңдай қойыңыздар, сол сұрақтарға жауап берейік.
1.Балаңыздың парталас көршісі кім?
2.Балаңыз қандай өлшемді аяқ киім киеді?
3.Сынып жетекшісінің толық аты – жөні?
4.Балаңыз кеше қандай баға алды?
5.Балаңыз қандай түсті жақсы көреді?
6.Балаңыз спорттың қандай түрін жақсы көреді?
7.Балаңыз бірінші сыныпқа қай жылы барды?
8.Балаңызды еркелетіп қандай сөздер айтасыз?
9.Балаңызға ашуланғанда, ең алдымен аузыңызға қандай сөз түседі?
10.Балаңыздың туған күні?
Жүргізуші: - Келесі кезекте топқа бөлінейік (жас ерекшеліктеріне қарай топқа бөлу)
І-тапсырма: Әр топтың алдына сөздер тасталады, сол сөздердің мағынасын зерделеп, постер қорғау.
ІІ-тапсырма: Әр топтан топ басшысы шығып, қоржыннан ән тақырыбын суырады, сол әнді топ болып айтып шығады.
ІІІ-тапсырма: Берілген көрнекі құралдарды таңдайды, сол нәрсе туралы түсіндіреді, сол нәрсені қатыстыра отырып, қорытынды ой айтады.
Жүргізуші: - Жанұя, отбасы - мемлекеттің іргетасы, қоғамдағы әр отбасының босағасы берік, мерейі үстем болмай мемлекеттің мықты болуы мүмкін емес. Президентіміз Н. Назарбаевтың 2030 бағдарламасындағы негізгі бағыттарының бірі - отбасы болып саналады. Отбасы – адам баласының өсіп - өнер, қаз тұрар, қанат жаяр алтын бесігі. Сондықтан, құрметті қатысушылар, өз жанұяларыңды құрметтеуге, үлкендерді сыйлауға, мақтан тұтуды білейік, үйренейік деп бағдарламамызды аяқтаймыз.
Алдымен сүй ардақты ата - анаңды
Үлгілі ұрпақ атадан бата алады
Бар жақсылық балаға бұл ғаламда
Ата - анаңның мейірімінен таралады.
«Менің әкем-ең жақсы адам» әні, орындайтын – Тұрағалов Әділ
Семинарды қорытындылау, пікірлер, марапаттар.
Шараға жауаптылар:
І.Шараны ұйымдастыруға:
І.Шошахова Камшат- Алмалы орта мектебі директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары.
2.Адилгалиева Райхан - Алмалы орта мектебі директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары.
- Джумагулова Эльвира - Алмалы орта мектебінің тәлімгері
ІІ. Музыкаға жауапты: Хайрушева Эльмира- Алмалы орта мектебінің мұғалімі
- Бейнероликтерді, слайдтарды жіберетін: Джумагулова Эльвира - Алмалы орта мектебінің тәлімгері
https://almaly-atyrau.edugov.kz/zhanalyktar/9822-uldarzh.html#sigFreeIdd1dbd25870